Богданович атындағы тау мұздығына шығу

Ағымдағы жылдың 20-қаңтарында «Alataý Jastary» жастар ұйымының мүшелері «Серіктес» жергілікті кәсіподағы» ҚБ қолдауымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкерлері үшін Богданович атындағы мұздыққа шығуды ұйымдастырды, сонымен бірге, оған «Самрұқ-Қазына» АҚ қоры компаниялар тобының құрамына кіретін «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС, «КТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақгаз» АҚ, «Азия газ құбыры» АҚ сияқты компаниялардың жас белсенділері де шақырылды.

Тау мұздықтары - тау рельефінде жатқан, нығыздалған, салмағы зор алып мұздар. Таулардың ең биік жерінде орналасқан мұздықтардың көрінісінен алатын әсер ерекше. Алматылықтар мен қала қонақтары жиі баратын орын ол мұздықтардың ішіндегі ең жақыны Богданович мұздығы.
Богданович мұздығы Кіші Алматы және Комсомол сілемдерінің түйіскен жерінде, Іле Алатауы үстіртінің солтүстік баурайында, Алматы қаласының Медеу ауданындағы теңіз деңгейінен 3163 метр биіктіктегі, Үлкен Талғар асуынан оңтүстік-шығысында орналасқан. Мұздық өз бастауын теңіз деңгейінен 4376 метр биіктіктегі Комсомол шыңы мен теңіз деңгейінен 4100 метр биіктіктегі Қарлытау шыңы арасындағы Кіші Алматы сілемінің шығыс тарауында орналасқан теңіз деңгейінен 4000 метр биіктіктегі Комсомол асуының батыс баурайынан және теңіз деңгейінен 3950 метр биіктіктегі Панфилов батырлары асуының солтүстік баурайынан алады.
Богданович мұздығы аңғар мұздығына жатады және ашық бөлігінің ұзындығы 2,7 километр болады.

Бұл - «Alataý Jastary» ЖҰ ұйымдастырған төртінші тау жорығы. 2023 жылы белсенділер Көкжайлау, Бутаковка сарқырамасы мен Медеудегі Горельник сияқты бейнелі де көрікті жерлерді көріп қайтқан.

Богдановия мұздығына шығар күні қалың қар жауса да бұл жастар ұйымының белсенділеріне тамаша табиғатты көріп, шыңына шығуға кедергі бола алмады. Аспан төріне ең жақын орналасқан тауларға шығудың азапты жолын бірге жеңу, ұжымдық рухты нығайтып қана қоймай, Қордың әр түрлі компанияларының өкілдері арасындағы қарым-қатынасты дамытатыны анық.