sfdgv2fvwef23hyhnt.jpg

Құрметті әріптестер! Қарша бораған оққа қарамай, жауға қарсы шыққан қазақ қыздары жайында жазғанды жөн көрдік. Мәншүк Мәметова 1922 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы, Орал ауданында дүниеге келген. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан. Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп "Моншағым" деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей өзін "Мәншүк" деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін "Мәншүк" деп жаздырады. Мәншүк 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4 890 жауынгер болды. Оның ішінде екеуі қазақ қыздары – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова. 1943 жылдың күз айында Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?»,- деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Ол 1943 жылдың 15 қазанында ерлікпен қаза тапты. Арада 6 ай өткен соң кеңес одағының батыры атағы берілді.

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Оның шын есімі – Ілия. Әкесі Нұрмұхамет Сарқұлов бай баласы болғаны үшін кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырайды. Оны НВКД тергеуге шақырады. Ол түрмеге отырмас үшін бас-сауғалап қашуға мәжбүр болған. Анасы Маржан қызы Әлия, ұлы Бағдатпен жалғыз қалады. Әлия 1942 жылы Ленинградтағы №46 мектепті бітіріп, Рыбинск қаласындағы авация техникумына оқуға түседі. Осы жылдың 18 желтоқсанында аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен Мәскеудегі мерген қыздарды даярлайтын орталық мектепке қабылданады. Әскери мектепті үздік бітірген Әлия өз өтініші бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанды. Ол екінші Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында Отан алдындағы борышын өтейді. Осы жылдың қазанында мерген қыз 32 жау солдаты мен офицерінің көзін жойыпты. Қазақтың батыр қызы 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшін болған соғыста фашист офицерінің қолынан қаза тапты. Ол Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда  Атырау облысы Ганюшкин ауылында дүниеге келген. Әкесi  Қайыр – балықшы, анасы Меруерт – мұғалiм болып еңбек еткен. Хиуаздың балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келді. Ол Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне іліге алмай, №1 орыс мектебінде білім алады. Мектептегі оқуымен бірге Оралдағы аэроклубта қатар оқыды. Бұл жайлы ұшқыш апамыздың өзі көзі тірісінде былай деген екен: «Мен мектепте комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қаламызда ұшқыштар дайындайтын курс ашылған болатын. Соған оқушылар іздеп келгенде, ешкім жазыла қоймады. Мен орнымнан атып тұрып, мені жазыңыздар дедім. Содан кейін біртіндеп басқалар да жазыла бастады. Сөйтіп ойда-жоқта осы мамандықты игеруге тура келді». 1940 жылы мектепті үздік бағамен тәмамдап қана қоймай, «Запастағы ұшқыш» куәлігін де қоса алып шығады. Осылайша арман қуып, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Алайда ондағылар академияға тек ерлер ғана қабылданады деген желеумен қазақ даласынан келген қыздың құжаттарын қабылдамай қояды. Алғашқы қадамы сәтсіз болса да, Хиуаз кері қайтпай, Мәскеудің бірінші медициналық институтына түседі. Араға бір жыл салып, соғыс өрті тұтанады. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк құрып жатқанын естиді. Осылайша ол ойланбастан полк басшылығына келіп, Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өжеттігімен көзге түсіп, жауынгерлер құрамына қабылданады. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын. 2008 жылы мамырдың 21-де Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.