dfsvg4evc23fveasfv_1.jpg

Құрметті, әріптестер! Сұрапыл соғыс, күрмеленген тағдыр тақырыбы қанша уақыт өтсе де, өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Тіпті, ғасырға жуық уақыт өтті десекте, «ештеңе ұмытылған жоқ, ешкім ұмытылған емес». Себебі, біріміздің атамыз, біріміздің әкеміз осы соғыста ерлік көрсетті. Баршамыз жауынгерлік қанмен байланыстымыз. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толғанымен зұлмат жылдардың сызы әлі күнге жүрегімізде екені ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда өткен күндерге бір көз жүгіртуді жөн көрдік.  

Алғаш соғыс оты тұтанған сәтте Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Нәтижесінде қазақ даласында  2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті. Атап айтсақ, соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М.В.Панфилов болды.

Кәрі тарихтың сарғайған сары беттерін ақтарсақ, елімізден 1 миллион 196 мың 164 қазақстандық қару арқалап, армия қатарына алынған екен.   Былайша айтқанда әрбір бесінші адам майданға аттаныпты. Адам тағдыры тәлкекке түскен сәтте қазақстандықтардың ерлігі ерен еді. Жан мен ту таласқа түскен сәтте жандарын пида еткен қазақстандықтардың ерліктері туралы жыр қылып айта беруге болады. Жалпы Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын барлығы 11600 адам алса, оның 497-і қазақ даласынан аттанғандар еді. Соның ішіндегі 97-і қазақтар болатын. Оның екеуі қайсар қазақтың қыздары. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы 27 миллион адамынан айырылған екен. Оның 603 мыңы қазақстандықтар. Міне, осындай дүниежүзін дүрліктірген зобалаңды барлығымыздың ата-бабаларымыз көрді. Сондықтан бабалар ерлігін мәңгі сақтау ұрпақ парызы! Кешегі кеудесіне көп медаль таққан, тағдыры қатал уақытқа дөп келіп, қиындықты еңсере білген батырларымызға құрмет көрсете білейік!

Ақиқатты айқындап жариялар,

Бара жатыр азайып қариялар.

Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,

Бара жатыр сарқылып дариялар… деп М.Мақатаев өлеңге қосқандай, қатары сиреген сүйегі алтын қарияларымызға құрмет көрсете білейік!!!