Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті» Мемлекеттік Мекемесі (бұдан әрі - Департамент) 2020 жылдың 26-шы ақпанында өткен Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің 2020 жылдың 6 ақпанындағы №43 «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығын түсіндіру бойынша кеңес өткізді.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 6 ақпандағы № 43 бұйрығы Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметті жетілдіру мақсатында қабылданып,  тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және тұтынушыларды электр желілеріне қосу тәртібін жеңілдетуге бағытталған. Бұйрық қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілердің және энергетикалық ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, сараптамалық кеңестермен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді.

Департамен аумақтық тұтынушылар мен энергетикалық ұйымдарға Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 6 ақпандағы № 43 «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бұдан әрі - Бұйрық) бұйрығымен енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында жоғарыда аталған кеңесті ұйымдастырды.

Кеңесте қоғамдық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органның, «Атамекен» ҰКП, жүйелік оператор, энергия беруші, энергия өндіруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен аймақтың кәсіпкерлері қатысты.

Кеңес барысында Департамент басшысы С.Ш. Құлбай Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпанындағы № 143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 111 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 23 қазандағы № 356 бұйрығымен бекітілген Электрмен жабдықтаудың үлгілік шарттарына енгізілген өзгерістер айтып, түсіндірді.

Тұтынушыны қорғау және электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу тәртібін жеңілдету мақсатында төмендегідей өзгертулер мен толықтырулар енгізілді:

- тұтынушының электрмен жабдықтау туралы келісімге физикалық қол қою қажеттілігінің жойылуы. Яғни бұрын электрмен жабдықтау туралы келісім-шарт жасасу үшін тұтынушының физикалық қатысуы қажет болған, қазіргі кезде өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін электрмен жабдықтау туралы шарт жасасу үшін тұтынушының физикалық қатысуы талап етілмейді. Электрмен жабдықтау туралы келісім жария ұсыныс негізінде жасалады және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 483-бабының 2-тармағына сәйкес (Ерекше бөлім) абонент жалғанған желiге алғаш рет iс жүзiнде белгiленген тәртiппен қосылған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi;

- тұтынушының (жеке және заңды тұлғалар) "бір терезе" қағидаты бойынша электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу үшін құжаттарды тапсыру мүмкіндігі. Осылайша, бұрын электрмен жабдықтау туралы келісім жасасу үшін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға электрмен жабдықтау туралы шартты жасасу үшін құжаттарды өзінің ұсынуы қажет болатын. Қазіргі уақытта бұл қажеттілік жойылды, өйткені өзгертулер мен толықтырулардан кейін тұтынушы құжаттарды тек энергия беруші ұйымға береді, энергия беруші ұйым өз кезегінде тұтынушының құжаттарын тұтынушы таңдаған энергиямен жабдықтаушы ұйымға бағыттайды. Осылайша, электр желілеріне қосу және электрмен жабдықтау шартын жасасу үшін тұтынушы орындауы тиіс әрекеттер мен жүгірістер саны азайды;

- электрмен жабдықтау туралы шарт жасасу үшін қажетті құжаттардың санының қысқаруы. Бұрын электрмен жабдықтау туралы келісім жасасу үшін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға тоғыз құжат ұсынуы қажет болатын, өзгерістер мен толықтырулардан кейін тұтынушы энергия беруші ұйымға тек 7 құжатты ұсынады, оның 5-еуін тұтынушы береді, қалған 2 құжатты энергия беруші ұйым береді;

- техникалық шарттарды алу мерзімі қысқаруы;

- тұтынушыға жобалау құжаттамасын энергия беруші ұйымдармен келісу нормасынан алып тасталуы;

- тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы төлем құжаттарын қабылдау-тапсыру қағазының қысқаруы;

- тұтынушы тұтыну шарттарын бұзған жағдайында қайта есептеу шартын жақсарту, қайта есептеу электр энергиясын өшірусіз жүзеге асырылады;

- электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін тұтынушыны ажыратқан кезде оны жалғау мерзімін белгілеу. Айта кету керек, өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенге дейін бұзушылықтар жойылғаннан кейін тұтынушыны қосу мерзімі көрсетілмеген болатын, өзгертулер мен толықтырулардан кейін тұтынушының бұзушылықты жойғанын және қайта қосу қызметінің ақысының төлегенін растайтын құжаттарын ұсынғаннан кейін 1 жұмыс күні ішінде жүргізілетін болды;

- энергиямен жабдықтау ұйымын өзгерту жағдайларын жақсарту;

Кеңес өткізу барысында кеңеске қатысушылар енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылады, сондай-ақ Департамент кеңеске қатысушылардың енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша сұрақтарына жауап берді.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірдің энергетикалық ұйымдарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтау ұсынылды.