«Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы» ҚБ есеп берді

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Бәкірұлы Тінікеевтің қатысуымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Серіктес» жергілікті кәсіподағының есеп беру жиыны өтті. «Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясында жалғасып келе жатқан бұл жоба энергетика саласындағы кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен онлайн режимде өтті. Бұл жолғы кездесуде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі және «АлЭС» АҚ «Энергия» жергілікті кәсіподағы есеп берді.

Жиында алғашқы болып сөз алған «Алматы қаласының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева Алматы қаласындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының ахуалы туралы баяндады.

Кездесуде «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – бас инженер Сағымбеков Жақсылық Берікжанұлы сөз сөйлеп, компанияның қызметі, атқарып жатқан жұмыстары туралы видео көрсетілді. Өз сөзінде Жақсылық Берікжанұлы «Қазіргі таңда кадр мәселесі де өз шешімін табуда. Былтырғы жылдың басында компанияда 3822 адам жұмыс істесе, жыл соңында жұмысшыларымыздың саны 4004 адамға жетті, бұл үлкен көрсеткіш деп білемін. Сонымен қатар, білікті, білімді мамандар компанияда тұрақтап қалу үшін, жұмыс орнында жағдай жасалып ғимаратымызды күрделі жөндеу жұмыстарынан да өткізіп жатырмыз және ең бастысы айлық мәселесі де қарастырылды. Нәтижесінде былтырғы жылдың соңына дейін айлықты 75 пайызға өсірсек, міне биылғы жылдың басында айлық тағы 7 пайызға көтерілді» деп, маңызды мәселелерді атап өтті.

Сонымен қатар, «Жергілікті «Серіктес» кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қали Сабыржан кәсіподақтың атқарған жұмыстарын баяндады. 2023 жылы ұжымдық шартқа сәйкес 1,6 млрд. теңге төлем жасалынғанын, алайда бұл шығындар тарифке қосылмағандығын, 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойылғанын айтты.

«Алатау жастары» жастар кеңесінің төрағасы, облыстық тарату бөлімінің бас маманы Нәби Перизат жастар арасында атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталып өтті..

Кездесуді қорытындылай келе қатысушылар компания жұмысшылары арасындағы мәдени және спорттық шаралардың өтуіне атсалысып, жұмыскерлердің құқығын заң аясында қорғап, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын үнемі назардан тыс қалдырмайтын кәсіподақ жұмысына алғыс білдірді.